Тахаджуд намаз — лучший намаз из дополнительных намазов, выполняемый глубокой ночью.
Выполнение ночного намаза-тахаджуд приблизит читающего к Аллаху, защитит от зла и очистит от болезней, будет удерживать человека от совершения грехов и приблизит к Аллаху.
Тахаджуд намазы
Құптан намазынан кейін бір ұйықтап тұрып, түн жарымында оқылатын нәпіл намазды «тахаджуд намазы» дейміз. «Тахаджуд» сөзі «һүжуд» түбірінен шығады, оның мағынасы «ұйқы». Ал, «тахаджуд» – ұйқыдан кейін ояну дегенді білдіреді.
Тахаджуд намазы – нәпіл намаздарының ішіндегі ең абзалы. Ел терең ұйқыда жатқан сәтте, тәтті ұйқысын бөліп, мамық төсектен Аллаға мінәжәт етуге тұрған мұсылмандарға Жаратушының құзырында зор сыйлық бар. Құран Кәрімде Жаратушымыз мүмін пенделерін сипаттай келе былай деп өтеді:
تَتَجَافَىٰ جُنُوبُهُمْ عَنِ الْمَضَاجِعِ يَدْعُونَ رَبَّهُمْ خَوْفًا وَطَمَعًا وَمِمَّا رَزَقْنَاهُمْ يُنفِقُونَ ﴿١٦﴾ فَلَا تَعْلَمُ نَفْسٌ مَّا أُخْفِيَ لَهُم مِّن قُرَّةِ أَعْيُنٍ جَزَاءً بِمَا كَانُوا يَعْمَلُونَ
«Олардың жамбастары төсектерінен ажырап (түнде ұйқыдан тұрып), Раббыларына қорқа-дәмете жалбарынады. Сондай-ақ олар берген несібемізден тиісті орынға жұмсайды. Жасаған жақсы істеріне орай (Құдай иелігінде) сақталған, оларды қуантатын зор сыйлық барын ешкім білмейді».
Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) да тахаджуд намазының қадір-қасиеті жайында айтылған көптеген хадистерінің бірінде былай деген:
«عَلَيْكُمْ بِقِيَامِ اللَّيْلِ فَإِنَّهُ دَأَبُ الصَّالِحِينَ قَبْلَكُمْ ، وَهُوَ قُرْبَةٌ لَكُمْ إِلَى رَبِّكُمْ ،
وَمَكْفَرَةٌ لِلسَّيِّئَاتِ ، وَمَنْهَاةٌ عَنِ الْإِثْمِ «
«Түнгі намазға аса мән беріңдер. Ол – сендерден алдыңғы өткен ізгі кісілердің үнемі орындап жүретін ісі. Ол (түнгі намаз) – Раббыларыңа жақындатады, жамандықтарыңды өшіреді және күнәлі істерге баруға тосқауыл болады».
Тағы бір хадисте:
«إِنَّ فِي الْجَنَّةِ غُرَفًا، يُرَى ظَاهِرُهَا مِنْ بَاطِنِهَا، وَبَاطِنُهَا مِنْ ظَاهِرِهَا أَعَدَّهَا اللَّهُ لِمَنْ أَلَانَ الْكَلَامَ،
وَأَطْعَمَ الطَّعَامَ، وَتَابَعَ الصِّيَامَ، وَصَلَّى بِاللَّيْلِ وَالنَّاسُ نِيَامٌ»
«Пейіште бөлмелер бар. Олардың ішінен сырты, сыртынан іші көрініп тұрады. Алла тағала ол бөлмелерді сөзі жұмсаққа, адамдарды тамақтандыратынға, (қосымша нәпіл) оразасын ұстайтынға және түнде адамдар ұйықтап жатқанда тұрып намаз оқитын кісіге дайындап қойды», – делінген.
Тахаджуд намазы қанша рәкәғат?
Хадистерге қарасақ, Алла елшісі (с.а.у.) тахаджуд намазын екі, төрт, алты, немесе сегіз рәкәғат етіп оқығандығын байқаймыз. Осыдан келіп ғалымдар тәһәджүд намазы ең азы – екі рәкәғат, ең көбі – сегіз рәкәғат етіп оқылады деген тоқтамға келген.
Ибн Мәжәнің хадистер жинағында келтірілген риуаятта былай делінеді: «Ер кісі түнде тұрып әйелін де оятып, екеуі екі рәкәғат намаз оқыса, онда олар Алла Тағаланы көп еске алушы еркектер мен Оны көп еске алушы әйелдер қатарынан жазылады».
«Сахих Бұхариде» келтірілген хадисте тәбиғин Мәсруқ:
«Мен Айшадан (р.а.) Алла елшісінің түнгі намазы жайында сұрағанымда: «Оның намазы таң намазының екі рәкәғатынан басқа, жеті (үшеуі үтір), тоғыз (үшеуі үтір) және он бір рәкәғат (үшеуі үтір) еді», – деп жауап берді», – деген.
«Сахих Бұхариде» орын алған тағы бір хадисте Айша анамыз былай деген: «Пайғамбар (с.а.у.) түнгі намазда он үш рәкәғат оқитын. Оның (үшеуі) үтір және екі рәкәғаты таң намазы(ның сүннеті)». (Он үш рәкәғаттан үтір мен таң намазының екі рәкәғатын алып тастасақ, Алла елшісінің тахаджуд намазын сегіз рәкәғат оқығандығын ұғынуға болады).
Тахаджуд намазының уақыты
Тахаджуд намазының уақыты – Құптан намазынан кейін басталып, таң намазының уақыты кіргенге дейін жалғасады. Осы аралықта ұйқыдан тұрып, тахаджуд намазын оқуға болады.
Дегенмен абзалы – түннің үшінші бөлігінде оқу, яғни, егер күн батқаннан бастап таң намазы уақыты арасын үшке бөлер болсақ, соның таң намазына дейінгі үшінші бөлігі. Осы уақытта тілеген тілектеріміз бен еткен дұғаларымыз және тәубелеріміз қабыл болатындығы хадисте айтылады.
Бұнымен қоса, Алла тағала Құран Кәрімде: «Түнде олар аз ұйықтайтын. Таң алдында жарылқау тілейтін», – дей келе таң намазына дейінгі «сәхәр» уақытының маңыздылығын білдіріп отыр. Сәхәр уақыты – таң намазына дейінгі шамамен 1-2 сағаттық уақыт, мұны түннің соңғы алтыда бірі деп те атайды.
Хадистерге қарасақ, Пайғамбарымыз (с.а.у.) түннің әуелгі жартысында ұйықтап, соңғы бөлігінде тұрып намаз оқитын. Намаздан кейін төсегіне жататын. Азаншы таң намазына азан шақырғанда тұратын. Егер ғұсылдану керек болса, ғұсылданатын еді. Болмаса, тек дәрет алып шығатын.
Ханафи мәзхабында, егер түнді үшке бөлсек соның бірінші бөлігі мен үшінші бөлігінде ұйықтап, ортаңғы бөлігінде тәһәджүд намазын оқудың абзал екендігін айтады.
Тахаджуд намазы қалай оқылады?
- Ұйқыдан оянған кісі бетін сипап, мүмкін болса, «Али Имран» сүресінің соңғы он аятын оқиды. Бұл – мәндуб. (Оқу шарт емес).
- Дәрет алғанда мисуакпен аузын шаюы сүннет.
- Ниет. Тахаджуд намазын оқитындығына ниет етеді. (Ниетте рәкәғат санын айтпаса болады).
- Әдеттегідей намаз оқылады.
- Білетін сүрелерін оқиды.
- Тахаджуд намазы – екі рәкәғат. Оны төрт, алты, сегіз рәкәғат етіп оқуға да болады.
- Тахаджудті төрт, алты немесе сегіз рәкәғат етіп оқитын кісі, оларды екі рәкәғаттан бөліп оқығаны абзал (яғни, әр екі рәкәғаттан кейін сәлем беріп аяқтайды).
- Әр төрт рәкәғаттан кейін сәлем беріп, төрт рәкәғаттан бөліп оқуға да болады. Мұндай жағдайда, әуелгі отырысында «тәшәһһүд» дұғасын оқығаннан кейін, «салауат» оқылады да, (сәлем бермей) үшінші рәкәғатына тұрғанда «сәнә» дұғасын оқып, «әғузу-бисмиллә» айтумен бастайды.
- «Үтір» намазын тахаджуд намазынан кейін оқиды. Алайда тахаджудке тұра алмайтындығынан қорықса, үтір намазын тахаджуд уақытына қалдырмайды.
- «Үтір» намазын орындап қойса да түнде тұрып тахаджуд намазын оқуға болады.
Сұрақ жауаптары
Таһажуд намазы қандай намаз?
Таһажуд намазы – түн ортасында тұрып (ұйқыдан оянып) оқылатын нәпіл намаз. Ол қиям намазы деп те аталады. Бұл арқылы мұсылман адам Құдайға жақындай түседі. Алла Тағала «Муззаммил» сүресінде Мұхаммед пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) опасыз дүниенің тауқыметінен оңашалануға, түнде тұрып құлшылық етуге, Құран аяттарын оқуға бұйырды.
Тахаджуд намазын оқудың үкімі қандай?
Таһажуд намазын оқу міндет емес, мұстахап (қосымша ғибадат, нәпіл). Таһажуд намазы қай уақытта оқылады? Таһажуд намазының уақыты құптан намазынан кейін таң атқанға дейін жалғасады. Дегенмен, түннің соңғы үшінші бөлігінде оқыған абзал. Раббымыз Алла әр түнінің соңғы үшінші бөлігінде аспан әлеміне түсіп, «Кім Маған дұға етеді, қабыл етейін?», «Кім Менен кешірім тілейді, күнәсін кешірейін?», «Кім Менен (қажетін) сұрайды, оған берейін?», – деп айтады.
Таһажуд намазының қандай пайдасы бар?
Адам баласы түннің кезінде тәтті ұйқысынан тұрып Алла Тағаланың разылығын іздейді, Раббысының құзырында тұрады, Оның рақымына бөленеді, сауапқа және түрлі жақсылықтарға жетеді және дұғасы қабыл болады.
Таһажуд намазы неше ракағат оқылады?
Ханафи мәзһабы бойынша тахаджуд намазының азы 2 ракағат, көбі 8 ракағат етіп оқылады. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) 11 ракағат етіп оқығаны айтылған, яғни оның 8 ракағаты таһажуд, 3 ракағаты үтір уәжіп намазы.
Тахаджуд намазына қалай дайындалу керек?
Түнде тұруға шын ниет ету керек. Ерте жату керек. Ұйқыдан тұрып, жақсылап дәрет алады және екі, төрт, алты немесе сегіз ракағат етіп тахаджуд намазын оқиды. Таһажуд намазында қандай амалдарды орындау мұстахап? Жанұясын тахаджуд намазына тұрғызуы, намазды оқығанда Алла Тағаланы дәріптеп, рукуғта барынша ұзақ тұруы, тасбихты көбірек айтып, сәждеде ұзақ жатуы – мұстахап.
Таһажуд намазында қандай сүрелер оқылады?
«Фатиха» сүресінен кейін бірінші ракағатта «Кафирун» сүресін, екінші ракағатта «Ықылас» сүресін немесе қалаған сүрелерді оқуына болады.
Құран аяттары дауыстап оқыла ма әлде іштей оқыла ма?
Ұйқы басым болмау үшін намазда Құран аяттарын дауыстап оқу керек. Іштей оқыса да болады. Сондай-ақ, Құранды ұзақ оқу әрі оның мағынасын ойлау, азап туралы аяттарды оқығанда одан сақтануды сұрау, рақымдылық жайлы болса, Құдайдың кеңшілігі мен рақымын тілеу, Хақ Тағаланы пәктеу жайында болса, Оған тасбих айтып, зікір ету керек.
Таһажуд намазы қалай аяқталуы керек?
Таһажуд намазы үтір намазын оқумен аяқталғаны абзал. Өйткені, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): اِجْعَلُوا آخِرَ صَلَاتَكُمْ بِاللَّيْلِ وِتْراً «Түнгі намаздарыңды үтір намазбен аяқтаңдар», – деген. Ал қасиетті рамазан айында сауаптар еселеніп беріледі. Сондықтан, кімде-кім тарауық намазынан кейін тахаджуд намазын оқитын болса, үтірді содан кейін оқиды. Дегенмен, үтір намазды оқыған болса, кейін тахаджуд намазын оқуға болмайды деген үкім жоқ.
Таһажуд намазынан соң қандай дұға оқыған дұрыс?
Таһажуд намазынан соң Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мына дұға оқылғаны риуаят етілген:
اللَّهمَّ لَكَ الحمدُ أنتَ ربُّ السَّمواتِ والأرضِ ومن فيهنَّ، ولَكَ الحمدُ أنتَ قيُّومُ السَّمواتِ والأرضِ ومن فيهنَّ، ولَكَ الحمدُ أنتَ نور السَّمواتِ والأرضِ ومن فيهنَّ، أنتَ الحقُّ، وقولُكَ الحقُّ، ووعدك حقٌّ، والجنَّةُ حقٌّ، والنَّارُ حقٌّ، والنَّبيُّونَ حقٌّ، ومحمَّدٌ حقٌّ، اللَّهمَّ لَكَ أسلمتُ، وبِكَ آمنتُ، وعليْكَ توَكَّلتُ، وإليْكَ أنَبتُ، وبِكَ خاصَمتُ، وإليْكَ حاكمتُ، فاغفِر لي ما قدَّمتُ وما أخَّرتُ، وما أسررتُ وما أعلَنتُ، أنتَ إلَهي لاَ إلَهَ إلَّا أنتَ ولا حولَ ولا قوَّةَ إلَّا باللَّهِ
Мағынасы: Уа, Жаратқан! Барлық мақтау Саған тән. Сен көк мен жердің және ондағы барлық нәрсенің Раббысысың. Барлық мақтау Саған тән. Сен көк пен жердің және ондағы барлық нәрсенің Иесісің. Барлық мақтау Саған тән. Сен көк пен жердің және ондағы барлық нәрсенің нұрысың. Сен хақсың. Сенің сөзің хақ. Сенің уәдең хақ. Жәннат – хақ. Тозақ – хақ. Пайғамбарлар – хақ. Мұхаммед – хақ. Уа, Жаратқан! Сен үшін мұсылман болдым. Саған иман келтірдім. Саған тәуекел еттім. Саған тәубе еттім. Сенің дұшпаныңды дұшпан білдім. Барлық ісімді Өзіңе тапсырдым. Менің бұрын және кейін істеген, жасырын және ашық күнәларымды кешіре гөр! Сен – менің құдайымсың. Сенен басқа құдай жоқ. Бізге күш-қуат беруші тек Алла ғана! .